Баяндауыш 7 страница

Әрыңғай қатынастағы көп компонентті салалас құрмалас сөйлем дегеніміз – жеке сыңарлар аралығындағы мағыналық қатынастың әртүрлі мағыналық қатынаста келіп түзілуінен болған сөйлем түрі. Демек, алғашқы сыңар аралығында болатын мағыналық қатынасты келесі сыңарлар аралығында болатын мағыналық қатынас қайталамайды. Мысалы: Асқар бұл жөніндегі өзінің пікірін сол кездегі баспасөз бетіне жазды, оның жазған мақаласы басылды да, бірақ ол мақала арқылы шара қолданған үкімет жоқ (Мұқанов).

Көп компонентті салалас құрмалас сөйлем құрамындағы сыңарлар тек үш жай сөйлемнің қосындысынан ғана тұрмайды. Олардың сандық дәрежесі артып отырады. Мұндай сөйлем төрт негізді, тіпті бес, алты және одан да жоғары санды болып келуі мүмкін. Карантинде асхана жоқ екен, тамақты бір жақтан береді, онысы суып қалған бірдеңе және ол құрсағымызға жұғын болып жарытпайды, қарнымыз ашады, өліп кете жаздаймыз, сол уақытта тамақ іздеп бармайтын жеріміз жоқ

( Кекілбаев).

Сабақтас құрмалас сөйлем

Сабақтас құрмалас сөйлемнің жалпы сипатыСабақтас құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары

Сабақтас құрмалас сөйлем деп компоненттері өзара тең болмай, бір-біріне бағына, бағындырыла байланысатын құрмалас сөйлемдерді айтамыз. Бағынушы компоненттің баяндауыш формасы тиянақсыз болып, өз бетінше сөйлем бола алмайды, ал бағындырушы компонент бағыныңқы сөйлемсіз де өз алдына сөйлем болып айтыла алады. Сабақтас құрмалас сөйлемнің бір компоненті бағынушы, тәуелді болып тұрса, екіншісі тәуелсіз, өз бетінше сөйлем бола алады. Бағынышты, тиянақсыз компонент бағыныңқы сөйлем деп аталады да, өз бетінше тиянақты болып тұратын компонент басыңқы сөйлем деп аталады. Сабақтас құрмаластың бағыныңқы компоненті де сөйлем деп аталғанымен онда қалыпты сөйлемге тән қасиеттердің көбі жоқ. Себебі оның сөйлемдік мәні құрмалас сөйлемнің құрамында айтылғанда ғана айқындала түседі. Сабақтас құрмалас сөйлемдегі негізді ой көпшілік жағдайда басыңқы жай сөйлемде беріледі де, бағыныңқы компоненті көбіне сол басыңқыдағы ойды түрлі жағынан айқындап, дәлелдеп түсіндіру үшін қолданылатын қосымша мүше ретінде қолданылады. Мысалы: Түнде күзетші ұйықтап қалғандықтан, қалың жылқы егіске түсіп кетіпті (М. Әуезов). Бұл қасиет, яғни бағыныңқының басыңқы компонентке тәуелді болып, оның тұрлаусыз мүшесі секілді болуы барлық бағыныңқыға тән емес. Мысалы: Кілемдер тұтылып, әсем оюлы сырмақтар жайылыпты (М. Әуезов).

Сабақтас құрмаластың бағыныңқы компонентін айқындауда мынадай белгілер негізге алынады:

Компонентінің белгілі шамада сөйлемдік мағына дербестігі болады, яғни бұл компонент тұлғалық жағынан тиянақсыз болғанымен, толық сөйлемдік мағынаға ие болады.

Баяндауыш формасы есімше, көсемше, шартты рай тұлғаларымен бірге шылаулардың тіркесуі арқылы жасалып, шартты рай тұрғалы баяндауыштан басқасы өз бастауыштарымен жақтаспайды.

Бағыныңқы компонент дербес бастауышты болады.

Бағыныңқы компонентке тән интонация - тиянақталмаған интонация.

Жай сөлемдердің бір-бірімен баяндауыш формасының тиянақсыздығына қарай құрмаласуы - қазақ тілінде құрмалас сөйлем жасаудың ең өнімді тәсілі. Бұл тәсіл – сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерін бір-бірімен ұштастыратын ең негізгі және өте жиі қолданылатын түрі болумен қатар, сабақтас сөйлемді салаластан ажыратып танытатын басты белгі болып та есептеледі. Бағыныңқы компонент баяндауышы қызметін атқарып, оны басыңқымен сабақтастыра құрмаластыратын етістік түрлеріне мыналар жатады:

Загрузка...

1) көсемше, 2) есімше, 3) шартты рай және басқа етістік формалары, 4) шылаулар.

1) Көсемше арқылы құрмаласуы. Әрі қимылдың өзін, әрі қимылдың амалын білдіретін етістіктің ерекше түрі болып саналатын көсемше сөйлемде 2 түрлі синтаксистік қызмет атқарады:

пысықтауыш

баяндауыш

Көсемшелердің құрмалас сөйлем жасаудағы ролі оның бағыныңқының баяндауышы қызметін атқаруынан көрінеді. Көсемше - етістіктің тиянақсыз түрі. Бұлар құрмаластың өзі баяндауыш болып келген бөлшегін екінші компонентке бағындыра байланыстырады да, ол бөлшектердің бірлікте, тұтастықта болуын қамтамасыз етеді. Сөйтіп көсемшелер әрі дәнекерлік қызмет атқарады.

Көсемшелердің ішінде сабақтас құрмаластың бағыныңқы компонентінің баяндауышы қызметінде жиі қолданылатыны да және өзі баяндауыш болып келген компонентті тиянақты компонентпен әр түрлі мағыналық қатынаста құрмаластыратын - ып, -іп, -п жұрнақты түрі. Өткен шақтық көсемшенің дәнекерлігі арқылы жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдердің бірсыпыраларында тиянақсыз компонент тиянақты компонентке тек тұлғалық жағынан өз дербестігін сақтап басыңқы сөйлемнің ешбір мүшесіне меңгерілмей, онымен жарыса, салаласа айтылады.

Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыруда -а, -е, -й, жұрнақты көсемшенің де өзіндік ролі бар. Бұл тұлғадағы көсемшелерде тиянақсыздық сипат басым болғандықтан, бағыныңқының көсемше тұлғалы баяндауышы әрі мағыналық, әрі тұлғалық жағынан тиянақсыз болады.

Аталған формалардан басқа жай сөйлемді бір-бірімен құрмаластыруда -ғалы -гелі, -қалы, -келі жұрнақты көсемше қолданылады. Жай сөйлем құрамында мезгіл не мақсат пысықтауыш қызметінде жұмсалатын бұл тұлға құрмалас сөйлем бағыңқысы баяндауышы ретінде тек соңғы кезде (өте сирек) қолданылады.

2) Есімше арқылы құрмаласуы. Көсемшелер сияқты есімшелер де бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы функциясында қолданылады. Бірақ есімшелер мен көсемшелердің жай сөйлемді құрмаластыру жолы бірдей емес. Бағыныңқы сөйлем баяндауышы құрамындағы көсемше ешқандай қосымша тәсілсіз, формасыз жай сөйлемді құрмаластыру функциясын атқара алатын болса, есімшелерде ондай қасиет жоқ.

Есімшелер жай сөйлемді құрмаластыру үшін әртүрлі тұлғалық құбылыстарға ұшырап, тиянақсыз формада айтылады. Мұндай тиянақсыз қасиет беріп, есімше формалы сөзді басыңқы компонентке бағындыра байланыстыратын - оларға жалғанатын түрлі қосымшалар және шылаулар.

Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру үшін есімшелердің барлық түрлері де қолданылады, бірақ құрмалас сөйлем жасауда есімше түрлерінің атқаратын қызметі, формалық құбылыстары біркелкі емес. Мұндай қызметте ең жиі қолданылатыны –ған/ген, -қан/кен формалы есімшелер. Аталған тұлғалы есімшелер бағыныңқы компонент баяндауышы функциясында мынадай формаларда және мағыналық қатынастарда қолданылады:

Жатыс септік жалғаулы: Жанат ішкі үйге кіріп кеткенде , Асқар мен Ержан тыста қалды (Мұқанов).

Көмектес септік: Ұлберген кедей болғанымен, киім-кешектерін таза ұстайтын еді (Мұқанов).

–ша, -ше жұрнақты формада: Қонақтар үйге кіргенше, үй-үйдің арасынан сытыла жөнелген жігіттердің жарқ-жұрқ сілтеген ақ сойылдары Жұманның жылқысына сарт-сұрт тие де бастаған еді

(Мүсірепов).

Сондай-ақ бағыныңқы баяндауышы түбір тұлғалық не шығыс, барыс жалғаулы есімшеге соң, кейін, дейін, бері, гөрі шылаулары тіркесуі арқылы, сондай-ақ шақта, кезде, сәтте, күні, сағатта т.б. мезгілдік мәндегі сөздердің, -дық+тан, -дік+тен қосымшаларының тіркесуі арқылы да әртүрлі мағыналық қатынастағы сабақтас құрмалас сөйлемдер жасалады. Жаңалықтардың бәрі олар арқылы өтіп жүргендіктен, бұл екеуі Омардың көптен бері істес адамдары еді.

3)Шартты рай арқылы құрмаласуы. Етістіктің шартты рай тұлғасы да сабақтас құрмалас сөйлемді жасауда кеңінен қолданылады. Бұл қызметте шартты рай тұлғалы сөз көсемше тәріздес өзінен кейін ешбір дәнекерді қажет етпей екі жай сөйлемді құрмаластыруға қатысады. Мысалы: Бәйтен жұртқа сездірмей қыздың қолынан ұстаса, ол да мұның қолын қысып қояды (Әбдіков).

Бағыныңқы жай сөйлем баяндауышы болып келген шартты райдың кейде шылау сөздерге тіркесіп тұратыны да болады, бірақ шылаулар 2 жай сөйлемді байланыстыру үшін қолданылмайды, жай сөйлемдердің мағыналық қатынастарын түрлендіру үшін қолданылады. Құрмаш қанша тәрбиелесе де, Көксерек ұрлық пен адал астың не екенін ұға алмады (Әуезов).

4)Шылаулар арқылы құрмаласуы. Шылаулар құрмалас сөйлемнің салалас түрін жасауға да, сабақтас түрін жасауға да қатысады. Жай сөйлемдерді салаластыра құрмаластыруға жалғаулық шылаулар қатысса, сабақтастыра құрмаластыруға септеуліктер қатысады. Жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыра құрмаластыру қызметін атқарғанда септеуліктер бағыныңқы компонент баяндауышы болып тұрған тиянақсыз етістікке көмекші болып, соны меңгеріп, жетектеп тұрады. Ондай септеуліктер қатарына шейін, дейін, кейін, бері, сайын, соң, үшін шылаулары жатады. Шұбардың жаңағы сөзі есіне түскен сайын, Әбіштің намысы мен ызасы үдей түсті (Әуезов).

Сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлері

Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемҚарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлем

Мақсат бағыныңқылы сабақтас сөйлемдерМезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер

Себеп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдерАмал бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер

Түсіндірмелі сабақтас құрмалас сөйлемдерСалыстырмалы сабақтас құрмалас сөйлемдерҮлестес сабақтас құрмалас сөйлемдер, олардың жасалу жолдары.

Құрмалас сөйлем жасаудың екінші түрі - жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыра құрмаластыру тәсілі. Сабақтас құрмалас сөйлем деп құрамындағы жай сөйлемдердің бағыныңқыларының баяндауыштары тиянақсыз тұлғада келіп,соңғы сөйлемге бағына байланысқан құрмаластың түрін айтамыз. Қазіргі қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдерді бағыныңқы компонентінің басыңқы компонентпен қандай мағыналық қатынаста тұратындығына қарай шартты бағыныңқылы, қарсылықты бағыныңқылы, мақсат бағыныңқылы, салыстырма бағыныңқылы, мезгіл бағыныңқылы, себеп бағыныңқылы,амал бағыныңқылы, түсіндірмелі, үлестес делініп 9 түрге бөлініп жүр.

Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем түркі тілдері синтаксистерінің бәрінде бар және солардың барлығында да сабақтас құрмалас сөйлемнің әбден қалыптасқан негізгі түрі деп есептеледі.

1. Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем жасаудың ең негізгі және өнімді тәсілі- бағыныңқы компоненті шартты райға аяқталған түрі.Шартты рай формалы сөз жіктеліп айтылғанымен,тиянақсыз болады, одан кейін ой жалғасы барлығы байқалып тұрады. Мұндайларға кездескен болсаң, баяғыда көше кезіп кеткен болар едің (Әбішев). Торытөбелдің үстіне бір шықсам, жанға шалдырмас едім (Мұстафин).

2. Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем жасауда –а, -е, -й формалы көсемшенің болымсыз түрі де елеулі қызмет атқарады. Мысалы: Шағала келмей, жаз болмас (Мақал). Үпиген жүрек басылмай, Талапты көңлі елірмес (Абай).

3. Шартты рай формалы етістікке аяқталатын бағыныңқы компоненттер құрамында кім, кімнің, кімге, не дегендер тәріздес сұрау есімдіктерінің бірі келіп, басыңқы сөйлемде сонымен тұлғалас, соған жауап ретінде қолданылатын сол, соның, соған деген сілтеу есімдіктерінің бірі қолданылып, өзара жұптасып, іліктесіп тұратыны да болады. Кім бұрын келсе, сол алады.

4. Жатыс септік тұлғасындағы есімшеден болады: Сендердің сол тұстағы қажырлы еңбектерің болмағанда, мен күрішпен рекорд жасар ма едім (Жақаев).

5. Етістіктің болымсыз түріне –йынша,-йінше қосымшаларының жалғануынан жасалады: Адамның ауыр еңбегін жеңілдетпейінше, одан ақылды іс шығу мүмкін емес (Жақаев).

Бағыныңқы сөйлемі басыңқы сөйлемдегі іс-әрекеттің шартын білдіретін сабақтас құрмалас сөйлемнің түрін шартты бағыныңқылы сабақтас дейді.

Басыңқыдағы іске бағыныңқыда айтылған іс немесе бағыныңқыдағы іске басыңқыдағы іс қарама-қарсы айтылатын сабақтастың түрін қарсылықты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем деп айтамыз. Абайдың құбылысы орасан болғанмен, енді Ербол бұны түсіне бастады(М.Әуезов).

Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлем төмендегідей тәсілдер арқылы жасалады.

1.Бағыныңқылы сыңары көмектес тұлғалы және шығыс тұлғалы есімшеге аяқталады. Мұндағы үйлердің жалпы ұсқыны бір-біріне ұқсас болғанымен, барлық жердегідей әр шаңырақтың тағдыры әр түрлі (Исабеков). Жаудың өте қатты қарсылық көрсеткеніне қарамастан, жігіттер алға басуда еді (Ғабдуллин).

2.Бағыныңқы сыңары шартты рай етістігіне аяқталады. Бұндай құрылымдарда сыңарларының арасын қарсы мағынада қоятын - шартты рай жұрнағынан кейін келетін да, де шылаулары және әр сыңар құрамында келетін мағына жағынан бір-біріне қайшы келетін сөздер. Ондай сөздер антонимдер болуы немесе етістіктің болымды, болымсыз тұлғасы да болуы мүмкін: Абылғазының қолындағы Жиреншенің құсы тіленіп талпынса да, Жиренше оны жіберткен жоқ (Әуезов). Аламан кемпірді мінгестіру үшін қасына келейін десе, астындағы аты пысқырып жолатпады (Қазақ ертегісі).

3.Бағыныңқы сыңар көсемше тұлғалы етістікке аяқталады да, басыңқы сыңарда бағыныңқы сыңардағы пікірге қайшы мәнде айтылған сөз болады: Кейбір сұрақтары бола тұра, Сырбайдың Масақбай туралы айтқан сөздерін Естай бөлген жоқ (Мұқанов). Сырт көрінісі салмақты бола тұра, әкесінің мінезі күйгелектеу (Ерғалиев). –п формалы көсемшенің қарсылықты бағыныңқылы жасайтындығын қазақ тіл білімінде алғаш айтқан Р.Әмір болды. Ғалым оған төмендегідей мысалдар келтіреді: Кіп-кішкентай болып, осы сен сөз аңдағанды қайтесің (Мұқанов). Үйір қыламын деп, басыңа секіртіп жүрме (Майлин). Айнала толған проблемаларды өзіміз қолдан жасап алып, өзіміз шеше алмай жүрміз (Жұмаділов).

4. Бағыныңқы сыңар –ша,-ше қосымшалы есімшеге аяқталады да, сөйлем бағыныңқы сыңардағы іс-әрекеттің болғанынан басыңқы сөйлемдегі іс-әрекеттің артықтығын көрсетеді. Бірақ мұнда теңестіру емес, қарсылық мән басым. Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл. Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас (Мақал).

Қарсылықты бағыныңқылы сабақтастың өзіндік ерекшелігі сол,оның бағыныңқы сыңары мағыналық жағынан басыңқыға меңгерілмейді, белгілі бір сұрауға жауап болып, тұрлаусыз мүшелер тәріздес қызмет атқармайды. Мұндағы бағыныштылық компонент баяндауышының тек формалық жағынан тиянақсыздығында ғана, ал сыңарларының мағыналық қатынастары жағынан алғанда қалыпты қарсылықты салалас сөйлеммен бірдей.

Құрмалас құрамындағы бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемдегі істің, оқиғаның болу я болмауының мақсатын білдіретін сабақтастың түрін мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем деп атаймыз. Мақсат бағыныңқылы сабақтастағы бағыныңқы жай сөйлем басыңқы сөйлемнің жетегінде айтылып, оған меңгеріле, бағына байланысады да,басыңқы

сөйлемнің немесе оның баяндауышының жетегіндегі тұрлаусыз мүше тәріздес болып келеді. Мысалы: Сұрауым көпшілікке түсінікті болу үшін, сіздерге екі түрлі сұрау берейін (Әбішев).

Мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауыштары мынадай формалар арқылы жасалады.

1.Бағыныңқы сөйлем үшін шылаулы тұйық етістікке аяқталады: Қыстың ызғары өтпеу үшін, қоңыз інді терең қазады. Күзетші сезіп қалмау үшін, біз жыраның ішімен еңбектеп кеттік.

2.Шартты, бұйрық және қалау рай тұлғалы етістік пен деп көмекші етістігінің тіркесінен болады: Біржан да Балбала қысылып қалмасын деп және өзгелердің көңіліне келмесін деп, Базаралыны қостап іле жөнелді (Әуезов). Миын ашытқан тоқсан түрлі қиялдан бойым сергір деп, Әсия жанып тұрған отқа қарады (Әуезов). Балташты өзімнен біржолата түңілтейін деп, ертеде басымнан өткен уақиғаны айтып салдым (Аймауытов).

3.Бағыныңқы сөйлем бол көмекшісіне тіркесіп келген –мақ, -мек, -пақ, -пек, -бақ,-бек жұрнақты етістікке аяқталады: Абай осының сәл алдынан өз ісінің аңарын байқамақ боп, бір таныс тілмаш арқылы жаңа келген Лосовскийге сәлем айтқан (Әуезов). Станцияға дейін салт мініп барып қайтармақ боп, Дәулет өзімізге белгілі жорғасын есік алдына байлап қойған (Мұқанов). Бүгін бірер кітабын алып шықпақ болып, өзі жалғыз кіріп еді (Әуезов).

Демек, мақсат бағыныңқылы сабақтастың құрмаласуы аналитикалық тәсілмен ғана жүзеге асады.Дәл осы тәсілдер арқылы себеп бағыныңқылы сөйлемдерде жасалады. Бұларды бір-бірінен ажырату үшін сабақтастың компоненттері арасындағы мағыналық қатынаспен қатар, олардың әрқайсысына тән грамматикалық белгілері бар. Бұл бағыныңқы сөйлем баяндауышының қай шақта қолданылуымен тығыз байланысты. Егер мұндай баяндауыш келер немесе осы шақта жұмсалса, мақсат бағыныңқыға тән де, өткен шақпен келсе, себеп бағыныңқылы сабақтас болады.

Бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемдегі істің мезгілін білдіретін құрмаластың түрін мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дейді. А.Байтұрсынұлы еңбегінде сабақтастың бұл түрі « мезгіл пысықтауыш бағыныңқы» деп аталған да, оған «Қашан жер отаяды, мал сонда сүттейді» деген мысал берген. Қазіргі қолданылып жүрген « мезгіл бағыныңқылы сабақтас» деген атау алғаш рет 1939 жылы жарияланған оқулықта «мезгілді сабақтас» деп аталады да, келе-келе «мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем» болып өзгертіліп қолданылады.Мезгіл бағыныңқылы сабақтастың бағыныңқы сыңары қашан? қашанға шейін? қашаннан бері? деген сұрақтарға жауап береді.

Қазіргі қазақ тілінде мезгіл бағыныңқылы сөйлемді жасайтын төмендегідей тәсілдер бар:

1.Есімшенің –ған,-ген,-қан,-кен,-ар,-ер түрлері жатыс септік формасында тұрып мезгіл бағыныңқының баяндауышын жасауға қатысады: Осы тоқал келіншек боп түскенде, Нұрым бұзау байлап, қозы бағумен жүретін бала еді (Майлин). Бұлар ауылдан аттанарда, екі жігіт соларға қарай шаба жөнелген еді (Әуезов).

2.Атау формасында тұрған есімшелер кезде, шақта, соң, сайын т.б. демеулердің тіркесіп келуі арқылы мезгіл бағыныңқылы сабақтас сөйлемді жасайды: Ақтөбе майданында ақтар Арал теңізі станциясына жуықтаған кезде, Ферғана алқабындағы басмашылар қимылды күрт күшейтті (Нұртазин).

3.Барыс жалғаулы есімшеге шейін, дейін шылаулары тіркесіп айтылу арқылы мезгіл бағыныңқының баяндауышы жасалады: Жүргіншілер әбден көзден таса болғанға шейін, бұлар арттарынан қарап тұрды (Әуезов).

4.Шығыс жалғаулы есімшеге кейін, соң, бері шылаулары тіркесіп айтылу арқылы мезгіл бағыныңқының баяндауышы жасалады: Ол жұмысқа шыққаннан бері, қалтасынан дәрі-дәрмек арылмайтын (Сыланов).

5.Шартты рай формалы етістіктен болады: Ербол есік алдына шықса, үлкен ауыл жақтан екі-үш атты кісі келе жатыр екен (Әуезов).

6.Көсемше формалы етістіктен болады: Мағаштар жауыз зорлықтың бар көлемін ашқалы, Абай қатты қиналып тыныштық ала алмады (Әуезов). Сосын төрге аттай бере, керегенің басында ілулі тұрған тықыр қоржынға көзі түсті (Кекілбаев). Жылқыға Абылғазы қолы жетіп араласқанша, мың сан тұяқтардың құжырлы серпіндерінен ұшқан қиыршық қар бүкіл өңірді ақ түтек етті (Әуезов). Мұрат шығып үлгермей жатып, Ержан кірді ( Ахтанов).

7.-ысы,-ісі қосымшалы етістіктің көмектес жалғаулы түрінен болады: Ауыл ұйқыға кетісімен, уәделі жерге келдім (Сайын). Бұлар далаға шығысымен, басқалар да кетіп үлгеріпті.

Бағыныңқы сөйлемі басыңқы сөйлемде айтылған іс-әрекеттің болу-болмау себебін білдіріп, басыңқы сөйлемі сол себептен туған нәтижені, салдарды білдіретін сабақтастың түрін себеп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дейді. Себеп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңары не себепті? неге?не деп? неліктен? деген сұрақтарға жауап береді.




Ответить

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы можете использовать HTML- теги и атрибуты:

<a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>

− 1 = 2